Редакторларға арналған ақпарат

Жалпы ережелер

  1. Рецензияланатын журналдарда материалдарды жариялау ғылыми коммуникацияның қарапайым құралы ғана емес, сонымен қатар тиісті ғылыми білім саласының дамуына елеулі үлес қосады. Осыған байланысты жариялау үдерісіне қатысатын барлық тараптардың, атап айтқанда авторлардың, журналдың редакциялық алқасының, рецензенттердің, баспагердің және ғылыми қоғамдастықтың этикалық мінез-құлық стандарттарын белгілеу маңызды.

  2. Баспагер осы үдерістегі ғылыми коммуникацияны қолдап қана қоймай, жарияланатын материалдарда қолданыстағы заманауи ұсынымдар мен стандарттардың сақталуын қамтамасыз етуге де жауапты болады.

  3. Баспагер редакцияға келіп түскен ғылыми материалдарды қатаң бақылауды жүзеге асыру міндетін өзіне алады. Журналдың жарияланым этикасы Ғылыми жарияланымдар этикасы жөніндегі комитет әзірлеген Ғылыми жарияланымдар этикасы кодексіне, сондай-ақ беделді халықаралық журналдар мен баспалардың тәжірибесі мен практикасына негізделеді.

Редакторлардың міндеттері

Жариялау туралы шешім

  1. Ғылыми журналдың Бас редакторы мақаланы жариялау туралы шешім қабылдау үшін дербес және тәуелсіз жауапкершілік алады. Қаралып отырған жұмыстың дұрыстығы мен оның ғылыми маңыздылығы жариялау туралы шешімнің негізі болуы тиіс. Бас редактор журналдың редакциялық саясатын басшылыққа ала отырып, жала жабу, авторлық құқық, заңдылық және плагиат мәселелеріне қатысты қолданыстағы заңнамалық талаптарды сақтауға тиіс.

  2. Бас редактор жариялау туралы шешім қабылдау барысында редакциялық алқа мүшелерімен, рецензенттермен немесе ғылыми қоғамдастықтың басқа да өкілдерімен кеңесе алады.

Редакцияның құпиялылығы

  1. Бас редактор мен журналдың редакциялық алқа мүшелері ұсынылған қолжазба туралы ақпаратты авторлардан, ықтимал рецензенттерден, басқа ғылыми консультанттардан және баспагерден басқа тұлғаларға редакциялық үдерісті тиісті түрде жүргізу үшін қажет болмайынша жария етпеуге тиіс.

Жарияланымдарды бақылау

  1. Егер Бас редактор немесе редакциялық алқа мүшелері жарияланған жұмыста келтірілген тұжырымдардың немесе қорытындылардың қате екендігі туралы жеткілікті дәлел алса, олар түзету енгізу, жарияланымды кері қайтарып алу немесе алып тастау, алаңдаушылық білдіру туралы мәлімдеме жариялау не жағдайға сәйкес өзге де шаралар қабылдау үшін бұл туралы баспагерге және/немесе тиісті ғылыми қоғамдастыққа дереу хабарлауға тиіс.

Зерттеулер шеңберіндегі өзара іс-қимыл және ынтымақтастық

  1. Бас редактор баспагермен бірлесіп, қаралып жатқан қолжазбаларға немесе жарияланған материалдарға қатысты этикалық мәселелер туындаған жағдайда тиісті шаралар қабылдайды. Мұндай шаралар, әдетте, қолжазба авторларымен өзара іс-қимылды және тиісті шағымның немесе талаптың мән-жайларын қарауды қамтиды, сондай-ақ тиісті ұйымдармен және ғылыми-зерттеу орталықтарымен өзара іс-қимылды көздеуі мүмкін.

  2. Журналдың тақырыптық бағытына сәйкес келмейтін немесе тиісті түрде рәсімделмеген материалдарды жариялау, толықтыру үшін қайтару немесе қабылдамау туралы шешімді ғылыми ортада мойындалған білікті мамандардан тұратын редакциялық алқа қабылдайды.

  3. Журналға келіп түскен материалдар плагиаттың бар-жоғына тексеріледі, сондай-ақ ғылыми әдебиеттерді жариялауға қойылатын талаптарға сәйкес мұқият рецензияланады, редакцияланады және корректорлық тексеруден өткізіледі. Редакция ғылыми этика қағидаттарын сақтай отырып, материалдарды қысқартуға және редакциялық түзетулер енгізуге құқылы.

Авторлардың міндеттері

Қолжазбаларға қойылатын талаптар

  1. Түпнұсқа зерттеу авторлары жүргізілген жұмыстың шынайы нәтижелерін ұсынуға тиіс. Журналға ұсынылған қолжазбада зерттеуді, қажет болған жағдайда, қайта жаңғыртуға немесе тексеруге мүмкіндік беретін жеткілікті мәліметтер мен тиісті библиографиялық сілтемелер болуы тиіс. Жалған немесе көрінеу қате тұжырымдар этикаға қайшы әрекет ретінде қарастырылады және журналда қабылданбайды.

  2. Шолу мақалалары мен ғылыми мақалалар да дәл әрі объективті болуы тиіс.

Деректерге қол жеткізу және оларды сақтау

  1. Авторлардан редакциялық немесе рецензиялық мақсаттарда қолжазбаға қатысты бастапқы деректерді ұсыну талап етілуі мүмкін. Авторлар мұндай ақпаратқа, мүмкіндік болған жағдайда, ашық қолжетімділікті қамтамасыз етуге дайын болуы және кез келген жағдайда осы деректерді жарияланғаннан кейін тиісті мерзім ішінде сақтауы тиіс.

  2. Авторлар журналға ұсынылған қолжазбаның толықтай түпнұсқа екеніне көз жеткізуге тиіс. Басқа авторлардың еңбектері немесе тұжырымдары пайдаланылған жағдайда, ғылыми және жарияланым этикасының талаптарына сәйкес тиісті сілтемелер берілуі тиіс. Плагиаттың кез келген түріне жол берілмейді.

Түпнұсқалық және плагиат

  1. Автор бір зерттеуге негізделген қолжазбаны түпнұсқа жарияланым ретінде бірнеше журналда жарияламауы тиіс. Бір қолжазбаны бір уақытта бірнеше журналға ұсыну этикаға қайшы әрекет болып табылады және журналда қабылданбайды.

  2. Жалпы ереже бойынша, автор бұрын жарияланған мақаласын басқа журналға қайта ұсынбауы тиіс.

Бірнеше рет, артық және бір мезгілде жариялау

  1. Журналға ұсынылған түпнұсқа жұмысқа басқа тұлғалардың қосқан үлесі әрдайым тиісті түрде көрсетілуі тиіс. Авторлар ұсынылған жұмысты орындауға қатысы бар және оның нәтижелеріне негіз болған жарияланымдарға сілтеме жасауы тиіс. Әңгімелесу, хат алмасу немесе үшінші тұлғалармен талқылау барысында алынған жеке тәртіптегі ақпаратты жазбаша рұқсатсыз және бастапқы дереккөзін көрсетпей пайдалануға немесе жариялауға болмайды.

  2. Жарияланым авторлары ретінде жұмыстың тұжырымдамасы мен жоспарын әзірлеуге, зерттеуді орындауға немесе журналда ұсынылған зерттеуді авторлық тұрғыдан түсіндіруге елеулі үлес қосқан тұлғалар көрсетілуі мүмкін. Мұндай тұлғалар бірлескен авторлар ретінде белгіленуі мүмкін.

  3. Бірлескен авторлықпен орындалған жұмыстарды барлық автор мақұлдауы тиіс және әрбір автор журналға ұсынылатын қолжазбаның түпкілікті нұсқасын бекітуге тиіс.

Ақпаратты ашып көрсету саясаты және мүдделер қақтығысы

  1. Барлық авторлар өз мақалаларында жұмыста ұсынылған нәтижелерге немесе қорытындыларға әсер етті деп негізді түрде қабылдануы мүмкін кез келген қаржылық немесе өзге де нақты немесе ықтимал мүдделер қақтығысын ашып көрсетуге тиіс. Сондай-ақ авторлар мақалада көрсетілген зерттеу нәтижелерін қаржыландырудың барлық көздері туралы ақпаратты нақты көрсетуге міндетті.

Жарияланған жұмыстардағы елеулі қателер

  1. Егер автор жарияланған жұмыста елеулі қате немесе дәлсіздік анықтаса, ол бұл туралы журналдың Бас редакторына дереу хабарлап, қатені мүмкіндігінше тез түзету мақсатында редакциямен ынтымақтасуға тиіс. Егер Бас редактор жарияланымда елеулі қателер бар екені туралы ақпаратты үшінші тұлғадан алса, автор қажетті түзетулер енгізуге міндетті. Олай болмаған жағдайда қолжазба журналдың жариялау жоспарынан шығарылуы немесе жарияланған жұмыс тиісті тәртіппен кері қайтарылуы не алып тасталуы мүмкін.

Рецензенттердің міндеттері

Редакциялық шешімдерге ықпалы

  1. Рецензиялау Бас редакторға жариялау туралы шешім қабылдауға көмектеседі және авторлармен тиісті өзара іс-қимыл жасау арқылы редакцияға ұсынылған қолжазбаның сапасын арттыруға ықпал етуі мүмкін. Рецензиялау ғылыми журналдың қажетті құрамдас бөлігі және ғылыми тәсілдің негізін құрайтын маңызды үдеріс болып табылады. Журнал ғылыми жариялауға үлес қосқысы келетін ғалымдар рецензиялауға да тиісті үлес қосуға дайын болуы тиіс деген қағидатты ұстанады.

Уақтылылық

  1. Қолжазбаны қарауға біліктілігі жеткіліксіз деп есептейтін немесе рецензияны белгіленген мерзімде орындауға жеткілікті уақыты жоқ кез келген рецензент бұл туралы Бас редакторға хабарлап, тиісті қолжазбаны рецензиялау үдерісінен шығаруды сұрауы тиіс.

Рецензиялаудың құпиялылығы

  1. Рецензиялауға алынған кез келген қолжазба құпия құжат ретінде қарастырылуы тиіс. Оны Бас редактордың тиісті рұқсатын алмаған тұлғалармен талқылауға немесе оларға жария етуге болмайды.

Рецензенттің объективтілігі

  1. Рецензент журналдан рецензиялауға алған ғылыми жұмысты объективті бағалауға міндетті. Авторды жеке сынауға жол берілмейді. Рецензенттер өз пікірін анық әрі негізді түрде білдіруге, ғылыми этика қағидаттарын сақтауға және тиісті ғылыми білім саласының қазіргі даму үрдістерінен хабардар болуға тиіс.

Бастапқы дереккөздерді тану

  1. Рецензенттер ұсынылған қолжазбаның тақырыбына сәйкес келетін, бірақ әдебиеттер тізіміне енгізілмеген жарияланған еңбектерді анықтауға тиіс. Бұрын жарияланған кез келген тұжырымға, бақылауға, қорытындыға немесе дәлелге тиісті библиографиялық сілтеме берілуі қажет. Рецензент сондай-ақ өзінің ғылыми құзыреті саласына жататын кез келген басқа жарияланған жұмыспен қаралып отырған қолжазба арасында елеулі ұқсастық немесе сәйкестік анықталған жағдайда бұл туралы Бас редактордың назарына жеткізуі тиіс.

Ақпаратты ашып көрсету саясаты және мүдделер қақтығысы

  1. Рецензиялауға ұсынылған қолжазбалардан алынған жарияланбаған деректерді автордың жазбаша келісімінсіз рецензенттің жеке зерттеулерінде пайдалануға болмайды. Рецензиялау барысында алынған және бәсекелестік немесе өзге де артықшылық алуға мүмкіндік беретін ақпарат немесе идеялар құпия сақталуға және жеке пайда табу мақсатында пайдаланылмауға тиіс.

  2. Рецензенттер авторлардың кез келгенімен, ұсынылған жұмысқа байланысты компаниялармен немесе өзге де ұйымдармен бәсекелестік, бірлескен немесе басқа да өзара іс-қимылдар мен қатынастардан туындайтын мүдделер қақтығысы болған жағдайда қолжазбаны рецензиялауға қатыспауы тиіс.

Осы құжатта реттелмеген редакция, авторлар және рецензенттер арасындағы өзге де құқықтар, міндеттер және ынтымақтастық шарттары ғылыми білімнің тиісті саласындағы дамып келе жатқан үрдістерді ескере отырып, халықаралық жарияланым этикасы мен ғылыми жариялау қағидаттарына сәйкес айқындалады.